Болат Әбдікәрімұлы
ҚАЗ РУС

Болат Әбдікәрімұлы 1939 жылы 17 ақпанда Қарағанды облысы, Нұра ауданы, Киевка ауылында дүниеге келген. 1962 жылы Қарағанды политехникалық институтының тау-кен инженері – электромеханик мамандығын бітірген.

Еңбек жолын слесарь, кейін шахта учаскесінің механигі болып бастап, бар ғұмырын Қазақстанның ғылымы мен білім саласына арнады. Қазақстанда кәсіптік-техникалық білім берудің барлық сатыларынан өтіп, өнегелі өмір тәжірибесін қалыптастыра білді. Қарағанды облысындағы кәсіптік-техникалық училище директорының орынбасарынан облыстық кәсіптік-техникалық білім беру басқармасы бастығы деңгейіне көтеріліп, осы саланың дамуына айтарлықтай үлес қосты. Қазақ КСР Мемлекеттік кәсіптік білім беру Төрағасының бірінші орынбасары (1983-1988 ж.ж.), Қазақ КСР Мемлекеттік аграрлық өнеркәсібінің оқу орындары және кадрларды негізгі басқару басқармасы бастығының орынбасары (1988-1990 ж.ж.), Қазақстан Республикасы Білім министрінің орынбасары (1990-1994 ж.ж.) қызметтерін атқарды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің ХІІІ шақырылымының депутаты болып сайланады. 1995 жылы ол Қазақстан Республикасы Білім министрлігі жанындағы Кәсіптік-техникалық білім беру комитетінің Төрағасы болып бекітілді. 1996 жылы ҚР Сенаты Парламенті Аппаратының сектор меңгерушісі болып жұмыс істеді. Осы лауазымды қызметтерді атқара жүріп, Болат Әбдікәрімұлы кәсіптік-техникалық білім саласы бойынша маңызды құжаттарды әзірлеуге қатысты. Оның жетекшілігімен кәсіптік-техникалық білім берудің тұжырымдамасы, кәсіби стандарттар, типтік бағдарламалар және Қазақстанның кәсіптік мектептерін реформалауды кезең-кезеңімен жүзеге асырудың кешенді жоспары жасалды.

Болат Әбдікәрімұлы кәсіптік білім беру саласындағы іс-тәжірибесінің ғылыми негіздемесін жасап, экономика саласы бойынша кандидаттық және педагогика саласы бойынша докторлық диссертация қорғады. Оның кәсіптік-техникалық білім беру саласы мамандары үшін теориялық-тәжірибелік құндылығы жоғары «Кәсіптік мектеп және нарық», «Кәсіптік-техникалық даярлықтың ғылыми негіздері», «Қазақстан Республикасында қазіргі білім берудің теориясы мен практикасы» атты монографиялары мен 13 томдық еңбектер жинағы жарық көрді. Өмірінің соңғы күндеріне дейін С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде қызмет еткен Болат Әбдікәрімұлы өз ғылыми мектебін қалыптастыра білді. Оның жетекшілігімен педагогика саласынан 12 докторлық, 60 кандидаттық, экономика бойынша 4 кандидаттық және бірнеше магистрлік диссертациялар қорғалды. Болат Әбдікәрімұлынан тәлім-тәрбие алған мыңдаған шәкірттер бүгінде тәуелсіз республикамыздың түкпір-түкпірінде болашақ ұрпақ үшін еңбек етуде.

Мемлекет алдындағы еңбегі үшін ол бірқатар мемлекеттік марапаттарға ие болды. 1980 жылы «Қазақ КСР-інің кәсіптік-техникалық білім беру ісінің құрметті қызметкері», 2008 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді, «Құрмет белгісі» орденімен, «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «Қазақстанда ғылымды дамытуға қосқан үлесі үшін» төс белгілерімен және мерейтойлық медальдармен марапатталды, Білім мен ғылымды дамытуға қосқан үлесі 2005 жылы А.С.Небольсин сыйлығының лауреаты, 2011 жылы ҚР Білім және ғылым Министрлігі «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» грантының иегері атануымен және 2014 жылы «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталуымен бағаланды.

Әріптестерінің ықылас-ниетіне бөленген көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, абзал азамат Болат Әбдікәрімұлының жарқын бейнесі оны білетіндер мен ұстаз-ғалымдардың, сондай-ақ, шәкірттерінің есінде әрдайым сақталады.

Мерейтойлық кітап Болат Әбдікәрімұлы. Биобиблиографиялық очерк

Естелік кітап Ғибратты ғұмыр: Тұлға. Ұстаз. Ғалым

Сонымен қатар, сіз Болат Әбдікәрімұлына арналған газеттің арнайы баспасын көре аласыз.